Abstract
<jats:p>Мақалада қазақ және татар паремиологиялық қорындағы «байлық–кедейлік»/«байлык–ярлылык» концептісінің тілдік көрінісі салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан сипатталады. Байлық пен кедейлікке қатысты мақал-мәтелдер материалдық игілікті ғана атаумен шектелмей, ұлттық дүниетанымдағы әлеуметтік мәртебе, әділет/шындық, ар-ұят, қанағат, жомарттық пен сараңдық, бірлік пен татулық сияқты аксиологиялық өлшемдерді бекітетін мәдени-танымдық өзек ретінде танылады. Зерттеу логикасында семантикалық инвариант қағидасы негізгі әдіснамалық тірек ретінде алынып, әр тілдегі паремиялардың ішкі формасы (образ, метафора, реалий, синтаксистік өрнек) әртүрлі болғанымен, ортақ мазмұндық ядро арқылы бірізді түсіндіріледі. Материалдар талдауы «бай–кедей/ярлы», «бар–жоқ/юк», «тоқ/тук–аш/ач» оппозицияларының бағалауыш қызметін, ақшаның әлеуметтік билік феноменіне айналуы туралы сыни қабатты, сондай-ақ «ақшаға сатылмайтын» құндылықтар жүйесінің (ар, ождан, құрмет, татулық, бірлік) үстемдігін айқындайды. Қорытындыда концептосфераның кемінде төрт семантикалық-прагматикалық сценарий арқылы жүйеленетіні дәлелденіп, паремиялардың кеңес, ескерту, нормалау, әлеуметтік сын және философиялық түйіндеу қызметтері нақтыланады.</jats:p>