Abstract
<jats:p>Бұл мақалада түркі және моңғол халықтары фольклорындағы арбау жанрының типологиялық ұқсастықтары кешенді әрі жүйелі түрде қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – екі ірі мәдени-этникалық кеңістікте кең тараған арбау мәтіндерінің шығу тегі, құрылымдық-поэтикалық ерекшеліктері мен атқаратын магиялық қызметін салыстырмалы-типологиялық әдіс негізінде талдау арқылы олардың ортақ және айрықша белгілерін анықтау. Арбау фольклоры мақалада архаикалық дүниетанымның, мифологиялық ойлаудың және магиялық тәжірибенің маңызды құрамдас бөлігі ретінде сипатталып, оның шамандық, тәңіршілдік, анимистік түсініктер мен табиғат культтерімен тығыз байланысы ғылыми тұрғыда негізделеді. Зерттеу барысында қазақ, қырғыз, алтай, саха (якут), бурят және халха-моңғол халықтарының арбау мәтіндерінен алынған үлгілер салыстырмалы түрде талданып, ортақ мотивтер мен тұрақты формулалардың типологиялық ұқсастығы айқындалады. Атап айтқанда, ауру-сырқауды қуу, зиянкестерді аластау, сөздің магиялық қуатына деген сенім сияқты әмбебап белгілердің екі дәстүрге де тән екені көрсетіледі. Арбау мәтіндеріндегі поэтикалық параллелизм, қайталау, ритмдік құрылым, архаикалық және сакралды лексиканың қолданылуы секілді стильдік ерекшеліктер типологиялық тұрғыда сипатталады. Мақалада арбау айту рәсімінің орындалу контексі, оны жүзеге асыратын тұлғалардың (бақсы, шаман, емші) әлеуметтік мәртебесі мен қызметі, сондай-ақ олардың қоғамдағы медиаторлық рөлі де арнайы қарастырылады. Зерттеу нәтижелері түркі және моңғол халықтарының арбау жанрының ортақ мәдени-генетикалық негізге сүйенетінін дәлелдеп, Еуразия көшпелілерінің дүниетанымдық тұтастығы мен тарихи-мәдени сабақтастығын айқындайды. Мақала материалдары арбау жанрын салыстырмалы зерттеуге және түркі-моңғол мәдени байланыстарын тереңірек тануға ғылыми үлес қоса алады.</jats:p>