Abstract
<jats:p>Қазақстанның заманауи өнерінде жергілікті мәдени дәстүрлер мен жаһандық көркемдік үрдістердің өзара байланысын зерттеу ерекше өзекті болып отыр. Бұл мақалада неомифологиялық бейнелер мен glocal-парадигма контекстіндегі көркемдік трансформация мәселелері қарастырылады. Зерттеу нысаны ретінде қазақ суретшісі Әлібай Бапановтың шығармашылығы алынады. Оның шығармаларындағы дәстүрлі мәдени кодтар мен заманауи көрнекі тілдің байланысы талданады. Мақалада қазіргі қазақ бейнелеу өнеріндегі glocal (жаһандық + жергілікті) ұғымының рөлі мен маңызы талданады, посткеңестік кеңістіктегі мәдени бірегейлік пен көркемдік сананы жаңғырту процесі көрсетіледі. Жұмыстың мақсаты – Бапанов шығармаларындағы дәстүрлі мәдени кодтардың неомифологиялық бейнелер мен заманауи көркемдік әдістер арқылы өзгеруін талдау. Зерттеу мәдени мұраны сақтау және өзектендіру жолдарын анықтай отырып, Қазақстанның посткеңестік өнерін зерттеуге үлес қосады. Ал, мақаланың практикалық маңыздылығы – зерттеу нәтижелерін дәстүрлі және заманауи өнерді біріктіруге бағытталған ғылыми жобаларда, мақалаларда және дипломдық жұмыстарда қолдану мүмкіндігінде жатыр. Мақаланы жазу барысында көрнекі мәтіндерді семиотикалық талдау әдісі, интермәтіндік және мифопоэтикалық тәсілдер, сондай-ақ өнердегі glocal-үрдістерді салыстырмалы зерттеу әдісі қолданылды. Бапановтың («Миф», «Тағдыр», «Тайқазан», «Ойшыл») негізгі туындыларында гипербола мен бриколаж мифтендіру құралы ретінде пайдаланылып, дәстүрлі және жаһандық өнердің байланысынан туындаған жаңа көрнекі кодты қалыптастырды. Суретшінің шығармашылығында заманауи эстетикамен үйлескен дәстүрлі өнер өзектілікке ие болады. Оның шығармалары ұлттық және жаһандық өнер кеңістігі арасындағы диалогқа бастама болып, көрерменді терең ойға батырады және жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерге жол ашады. Ғылыми мақала «glocal» терминінің талдау үлгісін ұсына отырып, өнердегі неомифология туралы түсінікті кеңейтеді. Ғылыми жұмыста келтірілген нәтижелер посткеңестік кеңістіктегі ұлттық және жаһандық өнердің мәдени үйлесімділігін одан әрі зерттеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Сонымен бірге, оқу құралдарын жазуда, пәндердің оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеуде, дәстүр мен қазіргі заманның диалогына арналған заманауи өнер көрмелерін дайындауда қолданыла алады.</jats:p>