Abstract
<jats:p>Мақалада қазақтың ұлттық ойындарын педагогикалық құрал ретінде пайдалану арқылы 4-5 жастағы балалардың метадағдыларын дамыту мәселесі қарастырылады. Қазіргі мектепке дейінгі білім беру жүйесінде баланың танымдық, әлеуметтік және тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін әмбебап дағдыларды қалыптастыру өзекті міндеттердің бірі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық ойындардың тәрбиелік және дамытушылық әлеуетін оқу-тәрбие үдерісіне енгізу балалардың метадағдыларын дамытуда маңызды педагогикалық ресурс ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында метадағдылар ұғымының ғылыми мазмұны талданып, олардың мектепке дейінгі кезеңдегі қалыптасу ерекшеліктері айқындалды. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ойындарының, әсіресе асық ойынының, балалардың зейін тұрақтылығы, есте сақтау қабілеті, логикалық ойлауы және әлеуметтік өзара әрекеттестігі сияқты маңызды метадағдыларды дамытудағы мүмкіндіктері зерттелді.Зерттеу шеңберінде ұлттық ойындарды қолдануға негізделген әдістемелік тәсілдер жүйесі ұсынылып, оқыту әдістері мен әдістемелік тәсілдердің үйлесімділігі көрсетілді. Атап айтқанда, сөздік, көрнекілік және практикалық (ойын) әдістерін ұйымдастырушы, техникалық және логикалық тәсілдермен үйлестіру арқылы балалардың танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған тапсырмалар жүйесі әзірленді. Эксперименттік жұмыс нәтижелері ұлттық ойындарды мақсатты және жүйелі түрде қолдану балалардың зейінін шоғырландыру, есте сақтау қабілетін дамыту, логикалық ойлау әрекеттерін қалыптастыру және әлеуметтік қарым-қатынас дағды-ларын жетілдіруде тиімді екенін көрсетті.Зерттеу қорытындылары қазақтың ұлттық ойындарын мектепке дейінгі білім беру мазмұнына енгізу балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететінін, сондай-ақ олардың мәдени-рухани құндылықтарды меңгеруіне және ұлттық дәстүрлермен танысуына мүмкіндік беретінін дәлелдейді. Ұсынылған әдістеме мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісінде қолдануға практикалық тұрғыдан тиімді деп есептеледі.</jats:p>