Abstract
<jats:p>Қазіргі білім беру жүйесінің қарқынды цифрлануы педагог-психологтардың кәсіби қызметінде жаңа тәсілдер мен құралдарды қолдануды талап етеді. Цифрлық технологиялар білім алушыларға психологиялық қолдау көрсету, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру және кәсіби өзара әрекеттестікті жүзеге асыруда маңызды ресурсқа айналып отыр. Осыған байланысты педагог-психологтардың цифрлық құзыреттілігін дамыту қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Цифрлық құзыреттілік маманның ақпаратпен жұмыс істеу, цифрлық ортада коммуникация орнату, цифрлық контент әзірлеу және оны кәсіби қызметінде тиімді қолдану қабілеттерін қамтиды. Мақалада қазіргі білім беру жағдайында педагог-психологтардың цифрлық құзыреттілігін дамыту және оны бағалау мәселелері қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – педагог-психологтардың цифрлық құзыреттілікке даярлық деңгейін анықтау және оны жетілдіруге бағытталған әдістемелік модельді негіздеу. Зерттеу барысында білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын педагог-психологтар арасында авторлық сауалнама жүргізілді. Сауалнама педагог-психологтардың цифрлық ақпараттың сенімділігін бағалау, онлайн және офлайн форматта кәсіби коммуникация ұйымдастыру, бірлескен цифрлық жұмысты жүзеге асыру, сондай-ақ цифрлық контент әзірлеу және оны оқу-тәрбие үдерісінде қолдану дағдыларын анықтауға бағытталды. Сонымен қатар мамандардың цифрлық технологияларды қауіпсіз, этикалық және жауапкершілікпен пайдалану деңгейі де талданды. Зерттеу нәтижелері педагог-психологтардың цифрлық құзыреттілік деңгейінің біркелкі емес екенін көрсетті. Қатысушылардың көпшілігі цифрлық коммуникация құралдарын және ақпараттық ресурстарды қолдана алғанымен, цифрлық контентті өздігінен әзірлеу, психологиялық қызметке бейімдеу және цифрлық ортаның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында қиындықтар кездесетіні анықталды. Мақалада педагог-психологтардың цифрлық құзыреттілігін бағалауға арналған, еуропалық DigCompEdu шеңбері негізінде бейімделген әдістемелік модель ұсынылады. Ұсынылған модель педагог-психологтардың кәсіби цифрлық әлеуетін арттыруға, цифрлық технологияларды саналы қолдануға және білім беру үдерісінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.</jats:p>