Abstract
<jats:p>Мақалада көру қабілеті бұзылған студенттерді қазақтың лирикалық әндері арқылы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудің ерекшеліктері туралы мәселелер қарастырылған. Қазіргі білім беру жүйесінде көру қабілеті бұзылған студенттердің тәрбиесі мен оқуына мемлекет тарапынан ерекше назар аударылуда. Кез келген қоғам дамуының табысты болуы сол қоғамда өмір сүретін әрбір жеке тұлғаның азаматтық ұстаным мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруімен айқындалады. Сондықтан біз мақалада көру қабілеті бұзылған студенттермен жұмыс жүргізу барысында қазақтың лирикалық әндері туралы білімдерін кеңейте отырып, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіртудің жолдарын қарастырып, ерекшеліктерін анықтадық. Қазақтың лирикалық әндері – жас ұрпақты ұлттық құндылыққа тәрбиелеудің басты құралы болып табылады. Қазақтың лирикалық әндерінің сиқырлы да сырлы әлемі кез келген адамды елітпей қоймайды. Көру қабілеті бұзылған студенттердің музыканы есту және қабылдау қабілеті ерекше. Ерекше білім беруді қажет ететін студенттердің жоғары білім алуға деген құштарлығы мен музыка әлеміне деген қызығушылығы өте жоғары. Көру қабілеті бұзылған студенттер де болашақта жоғары білім алып, қоғамға пайда келтіруді мақсат етеді. Білім алу барысында сыртқы әлемді көрмесе де ішкі сезімдері арқылы бар ойын сөз бен ән айту арқылы шебер жеткізе білуге талпынады. Осы орайда біз мақалада қазақтың лирикалық әндері арқылы көру қабілеті бұзылған студенттерді ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуді басты мақсат етіп алдық. Көру қабілеті бұзылған студенттерді оқыту мен тәрбиелеуде педагогтар тарапынан жүйелі де жігерлі жұмыс қажет екендігі анық. Ерекше білім мен тәрбиелеуді қажет ететін көру патологиялары бар студенттер тек педагогтар тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да ерекше қамқорлықты қажет етеді. Сол себептен мақалада көру қабілеті бұзылған студенттерді қазақтың лирикалық әндері арқылы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудің көп жылғы педагогикалық және қазіргі заманғы озық тәжірибелері негізге алынып, оларды жүзеге асырудың түрлері мен әдістері пайдаланылды.</jats:p>