Back to Search View Original Cite This Article

Abstract

<jats:p>Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы «жан» категориясының көркем антропологиялық бейнесі Рахымжан Отарбаевтың әңгімелері негізінде қарастырылады. Зерттеу жұмысының өзектілігі — қазақ әдебиетіндегі адам жанының рухани тереңдігін, психологиялық астарын ұлттық дүниетаным тұрғысынан түсіндіру қажеттілігімен тығыз байланысты. Қазіргі заманда ұлттық болмысты сақтау мен рухани құндылықтарды жаңаша пайымдау мәселесі әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Осы ретте адам жанына үңілу, оның ішкі әлемін көркемдік құралдар арқылы бейнелеу — отандық прозаның өзекті ізденіс бағытына айналған. Мақалада «жан» ұғымының көркем прозадағы берілу формалары мен мағыналық қабаттары сараланып, авторлық идея мен философиялық тұжырымдар арасындағы өзара байланыс анықталады. Зерттеу барысында Р. Отарбаев шығармашылық әдісінде романтизм, реализм, натурализм, символизм элементтері ұштасып, көркемдік-эстетикалық тұтастық қалыптасады. Оның прозасы ұлттық руханияттың терең қатпарларын ашуға бағытталған және әрбір кейіпкер — адам мен қоғам, адам мен уақыт, адам мен сенім арасындағы байланыстың символдық өкілі ретінде көрінеді. Мақалада «Жасырынбақ», «Американың ұлттық байлығы», «Аспандағы ақ көбелектер», «Торшақыз бен тотықұс», «Тоқтышақ», «Алтын» атты әңгімелер талданып, олардың көркемдік құрылымында «жан» категориясының түрлі қырынан көрініс табуы зерделенеді. Әр шығармадағы кейіпкер — рухани күйзеліс, ішкі арпалыс, жалғыздық, үмітсіздік сынды өмірлік түйткілдердің адами бейнедегі көрінісі. Сонымен қатар мақалада жазушының кейіпкерлері арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік, адамгершілік құндылықтардың дағдарысы, ұлттық дүниетаным мен рухани ізденіс сынды мәселелер де қатар бейнеленген. Отарбаев шығармаларында қарапайым адамдардың тағдыры, күнкөріс күресі, махаббат пен жалғыздық, шынайылық пен екіжүзділік, еркіндік пен бағыныштылық секілді мәңгілік тақырыптар ұлттық дүниетаныммен байланысты өрбиді. Әр кейіпкердің жан әлемі — тұтас қоғамның, замана тынысының айнасы. Жазушы адамның жан жарасы мен ар-намысының, үміті мен түңілісінің көркем көрінісін замана шындығымен сабақтастыра бейнелеп, оқырманды ойға қалдырады. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде қазақ прозасындағы «жан» концептісі тек психологиялық немесе поэтикалық элемент ретінде ғана емес, сонымен қатар ұлттық сананың, тарихи естіліктің, рухани құндылықтардың көркем формасы ретінде қалыптасқаны дәлелденді. Мақалада Р. Отарбаевтың көркемдік тәсілдері мен идеялық ұстанымдарының қазақ әдебиетінде «жан» категориясын түсінудегі маңыздылығы айқын көрсетіледі. Автор ұсынған тұжырымдар ұлттық әдебиеттануға жаңа әдіснамалық бағдар ұсынып, көркем антропология саласына тың үлес қосады.</jats:p>

Show More

Keywords

мен ұлттық жан көркем адам

Related Articles

PORE

About

Connect