Abstract
<jats:p>Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы өзіндік көркемдік стилімен танылып жүрген қаламгерлердің бірі — Ақын Алақанұлының шығармашылығы этномәдени транслокация және постколониалдық дискурс контексінде жан-жақты қарастырылған. Жазушының әдеби мұрасындағы көркемдік жүйе, тақырыптық арқау мен кейіпкер болмысы тарихи кезең шындығымен тығыз байланыста талданып,шығармаларындағы ұлттық болмысты бейнелеу тәсілдері сараланады. Автордың «Ақ әже», «Ала айғырдың ақыры», «Қара байталдың қасіреті», «Өрт шалған жүрек» хикаяттарында отарлық және одан кейінгі кезеңдердегі тарихи-әлеуметтік оқиғалар мен олардың кейіпкерлер тағдырына әсері көркемдік тұрғыдан бейнеленеді. Бұл туындыларда кейіпкерлер тек бір дәуірдің куәгерлері ғана емес, сонымен қатар тарихи жадты сақтаушы, ұлттық рухты қорғаушы тұлғалар ретінде көрініс табады. Мысалы, «Қара байталдың қасіреті» әңгімесіндегі басты кейіпкердің жеке трагедиясы арқылы ұрпақтар арасындағы мәдени үзілістің салдары ашылады. Автор танымдық-көркемдік әдіснамасын тарихи деректерді психологизммен үйлестіру арқылы жүзеге асырады: оқиғалардың хронотоптық құрылымы арқылы өткен мен бүгіннің диалогі қалыптасады. Қаламгердің «Өрт шалған жүрек» туындысында қазақ этносының төзімділігін бейнелесе, баяндау стиліндегі полифониялық құрылым арқылы қоғамдық плюрализм идеясын көрсетеді. Авторлық ұстаным постколониалдық теорияға сәйкес, «бағынушылық» пен «бостандық» арасындағы диалектикаға негізделген: кейіпкерлердің іс-әрекеттері колониалдық өткеннің әсерін жоюға бағытталса да, глобализация контексіндегі жаңа қиындықтармен бетпе-бет келеді. Мақалада жазушының танымдық-көркемдік әдіснамасы тарихи фактілер мен көркем қиялдың, әлеуметтік реализм мен символикалық бейнелеу құралдарының үйлесімді тоғысуы арқылы қарастырылған. Шетел қазақтарының әдеби бейнесін сомдаудағы авторлық ұстаным олардың тарихи отанынан алыста жүріп, ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы күресін шебер сипаттауымен ерекшеленеді. Бұл ретте, жазушы шығармаларындағы сюжеттік құрылым, мәдени кодтар мен рәміздер жүйесі, пейзаждық және психологиялық детальдар мазмұндық әрі эстетикалық тұрғыдан талданған. Сонымен қатар, зерттеу барысында автордың баяндау стилі, мәтіндік кеңістігі мен психологиялық портрет жасау әдістері негізгі назарда болады. Шығармалардағы кейіпкер табиғаты мен олардың ішкі рухани әлемі арқылы жазушы ұлттық сана, отарлық езгінің зардаптары мен тарихи әділеттің маңыздылығын көркем түрде жеткізеді. Автор мен оқырман арасындағы қарым-қатынас динамикасы мен мәтіннің қабылдану ерекшеліктері де әдеби-теориялық әдіснама негізінде зерделенеді. Осы арқылы Ақын Алақанұлы прозасының қазіргі әдеби процестегі орны мен рухани-мәдени мәні айқындалады. Осылайша, автордың көркем стратегиясы ұлттық нарративті жаңғырту мен әлеуметтік трансформацияларды сын тұрғысынан талдау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, бұл қазіргі қазақ әдебиетіндегі постколониалдық эстетиканың дамуына үлес қосады.</jats:p>